Бүгін мәслихат депутаттарын сайлауға қатысушылардың қатарында танымал қазақстандық спортшылар да бар. Олардың қатарында жас спортшыларды даярлаумен айналысып жүргендер де бар. Сонымен қатар еліміздегі спорт клубтарының ойыншылары да сайлауға белсенді қатысуда, деп хабарлайды paryz.kz.
Каратэден Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы София Берульцева Шымкент қаласындағы №6 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Спортшы жергілікті өкілді органдар жұмысының маңызына және мәслихат депутаттарын сайлауға тұрғындардың қатысуының мәніне тоқталды.
«Мәслихат депутаттары жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді көтеріп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Сондықтан тұрғындардың сайлау науқанына белсенді қатысуы маңызды», – деді Олимпиада жүлдегері.
Алматыда құзға өрмелеуден Азия ойындарының жүлдегері Дамир Тоқтаров Бостандық ауданындағы №230 сайлау учаскесінде дауыс берді.
«Алматы – мен жаттығатын әрі жарыстарға аттанатын қала. Мұнда балалар мен жастардың өзін спортта сынап көріп, көңіліне шын ұнайтын спорт түрін табуына мүмкіндік көп болғаны мен үшін маңызды. Депутаттар тұрғындардың пікіріне құлақ асып, осындай мәселелерге көңіл бөледі деп үміттенемін. Сондықтан бүгін дауыс беруге келдім», – деді Азия ойындарының жүлдегері.
Сайлауда дауыс бергендердің қатарында жеңіл атлетикадан 2026 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Аделина Земс, жазғы Азия ойындарының тарихында ММА бойынша алғаш рет чемпион атанған Еркінғали Бүркіталин және армрестлингтен әлем чемпионы Екатерина Шевченко бар.
Сондай-ақ жүзуден Азия чемпионы Мейіржан Кәдірәлі өзінің сайлауға қатысқаны туралы Instagram парақшасында жазба жариялады. Ақтөбе қаласындағы №556 сайлау учаскесінде қазақ күресінен әлем чемпионы Бақытбай Қисықов дауыс берді. Белгілі балуан сайланған депутаттар тұрғындардың мүддесі үшін жүйелі жұмыс жүргізеді деген үмітін білдірді. Сондай-ақ спортшы ауылдық жерлерде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл балалары қазақ күресіне үлкен қызығушылық танытады.
Ал Ақтөбе қаласындағы №583 сайлау учаскесінде қазақстандық параспортшы, спорт шебері Айбек Қапин өз таңдауын жасады. Ол – арбадағы теннистен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ параүстел теннисінен республикалық жарыстардың қатысушысы әрі жүлдегері.
«Әрбір адам өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, сайлауға қатысуы керек. Сайлау ашық әрі әділ өтетініне сенімдімін. Оның нәтижелері өңіріміз бен тұрғындарымыздың өміріндегі оң өзгерістерге негіз болады деген үміттемін», – деді Айбек Қапин.
Сайлауда спорт федерацияларының өкілдері мен қазақстандық жас спортшыларды даярлаумен айналысып жүрген клуб басшылары да дауыс берді. Олардың қатарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан волейболдан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны, 2018 жылғы Азияның үздік ойыншысы, ел чемпионы, Қазақстан кубогі мен Суперкубогінің иегері Айбат Неталин бар. Қазір ол «Ақтөбе» волейбол клубына жетекшілік етеді.
«Қазақстан – үлкен мүмкіндіктер мекені. Бүгін әр адам өз дауысымен туған өлкесінің дамуына қолдау көрсетіп, жаңа таланттардың өсіп-жетілуіне үлес қосу үшін сайлауға келеді», – деді №554 сайлау учаскесінде дауыс берген Айбат Неталин.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысында волейбол қарқынды дамуда. Бұл спорт түріне қызығушылық танытатын балалардың қатары артып, жергілікті командалардың жетістіктері де жақсарып келеді. Еліміздің бірқатар өңірінде спортшылар сайлау учаскелеріне тұтас команда болып келіп, дауыс берді.
Атап айтқанда, «Ұлытау» волейбол клубының, Павлодардағы «Ертіс» футбол клубының және Шығыс Қазақстан облысының «Торпедо» хоккей командасының ойыншылары бірге барып, өз таңдауларын жасады.