29 қараша таңертең бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов отбасымен бірге Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты, деп хабарлайды paryz.kz.
Олар Пушкин көшесі, 63 мекенжайында орналасқан Мемлекеттік қуыршақ театрындағы №361 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Сайлауға отбасымен бірге бару – Ибраимовтар әулетінің бұрыннан қалыптасқан дәстүрі. Танымал боксшы дауыс беруден қалмай, әр жолы сайлау учаскесіне жақындарымен бірге келеді.
Еске салайық, Алматы мәслихатындағы депутаттық мандатқа 168 кандидат үміткер. Оның 109-ы партиялық тізім бойынша, ал 59-ы бірмандатты сайлау округтері бойынша ұсынылған. Қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 41-інде Алматыда тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға арналған бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.