Жеке секторда корпоративтік басқаруды дамыту 20 қарашада Астанада «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқасы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің бастамасымен өткен Corporate Governance Forum 2026 форумының басты тақырыбына айналды, деп хабарлайды paryz.kz.
Форум қатысушылары бизнес иелерінің кәсіби басқару жүйесін қалыптастыруы, бизнестегі сабақтастықты қамтамасыз етуі және компаниялардың одан әрі дамуына жағдай жасауы жөнінде пікір алмасты.
Форум Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ұлыбритания, Франция, Сауд Арабиясы және АҚШ-тан келген 500-ден астам қатысушының басын қосты. Олардың қатарында корпоративтік басқару саласының сарапшылары, бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен халықаралық институттардың өкілдері болды.
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаев корпоративтік басқару сапасының инвесторлар сеніміне және жеке компаниялардың даму мүмкіндіктеріне тікелей ықпал ететініне назар аударды.
«Кәсіби кеңес мәселеге басқа қырынан қарап, қабылданатын шешімнің қаншалықты негізді екенін бағалай алғанда ғана бизнеске пайда әкеледі. Ол үшін бизнес иесі балама ұсыныстарды талқылауға және дәйекті қарсы пікірлерді қабылдауға дайын болуы қажет. Сапалы шешім кәсіби талқылау сынынан өте білуі тиіс», – деді Қанат Шарлапаев.
Ол сондай-ақ бизнестегі сабақтастық пен меншік иесінің компания болашағы алдындағы жауапкершілігіне тоқталды. Отбасылық компаниялар үшін тиімді тәсілдердің бірі – меншік құқығын отбасы иелігінде сақтай отырып, стратегиялық басқаруды кәсіби кеңеске, ал күнделікті басқаруды менеджментке тапсыру.
Форум барысында кәсіпкерлер мен сарапшылар компанияның қай даму кезеңінде кәсіби директорлар кеңесін немесе байқаушы кеңесті құру қажет екенін, оның мүшелері қандай құзыреттерге ие болуы керектігін және кеңес жұмысының тиімділігін бағалау тәсілдерін талқылады.
Пікірталастар бизнесті кеңейту, капитал тарту, меншік иесі, кеңес және менеджмент арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілікті бөлу секілді практикалық мәселелерге арналды.
«Форумды өткізудегі мақсатымыз – директорлар кеңестерінің жұмысында нені өзгерту қажет екенін айқындау, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікті арттыру және стандарттарды формалды түрде сақтаудан нақты нәтижелерге қол жеткізуге көшу. Сапалы корпоративтік басқаруды қазақстандық компаниялардың қалыпты тәжірибесіне айналдыру – Ұлттық кеңестің басты міндеті», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің төрағасы Қамбар Омаров.
Биыл Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңес өз жұмысын қайта жандандырды. Бес бейінді комитет құрылып, олардың жұмысына мемлекеттік органдардың, бизнес пен сарапшылар қауымдастығының 120-ға жуық өкілі тартылды.
Өңірлік кеңестердің 100-ден астам өкілі корпоративтік басқару бойынша оқудан өтті. Өңірлерде корпоративтік басқаруды дамытудың практикалық мәселелері де форумның күн тәртібіне енді. Қатысушылар кәсіби сараптаманың қолжетімділігін арттыру және стратегиялық шешімдер қабылдауда кеңестердің рөлін күшейту жолдарын талқылады.
«Форум Қазақстанда, соның ішінде өңірлік компанияларда корпоративтік басқаруды дамыту мәселелерін талқылауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. «Атамекен» ҰКП жұмысының бір бағыты – мамандардың тәуелсіз директорларды іріктеу рәсіміне қатысу шарттарын жетілдіру. Ұлттық экономика министрлігі мен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті біздің ұсыныстарымызды қолдады. Бұл ұсыныстар 5 қарашада қабылданған түзетулерде көрініс тапты», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Калигазин.
Форумда Қазақстандағы корпоративтік басқару тәжірибесіне арналған алғашқы жыл сайынғы шолудың алдын ала нәтижелері таныстырылды. Шолуды «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңес, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және KPMG бірлесіп әзірлеуде. Шолудың мақсаты – корпоративтік басқарудың қазіргі жай-күйін бағалау, өзекті мәселелерді анықтау және оны жетілдіру жөнінде практикалық ұсынымдар әзірлеу. Сарапшылар директорлар кеңестері қабылдайтын шешімдердің сапасын, директорлардың тәуелсіздігі мен жауапкершілігін, сондай-ақ акционерлер мен басқару органдарының өкілеттіктерін ажырату мәселелерін талқылады.
Пікірталастар барысында ақпараттың толықтығына, балама шешімдер мен тәуекелдерді бағалауға, мүдделер қақтығысының алдын алуға және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға ерекше назар аударылды. Қатысушылар «Қазақстанның тәуелсіз директорының бейіні – 2030» құжатын қалыптастыру тәсілдерін қарастырды.
Атап айтқанда, тәуелсіз директорлардың құзыреттеріне, кәсіби даярлығына, әдеп қағидаттарын сақтауына және қызметін жыл сайын бағалауға қойылатын талаптар талқыланды. Күрделі басқарушылық шешімдер қабылдау кезіндегі іскерлік әдеп пен жауапкершілік мәселелеріне жеке талқылау арналды.
«Тиімді корпоративтік басқарудың негізі – директорлар кеңесінің кәсібилігі мен жауапкершілігі, пайымдаудағы тәуелсіздік, акционерлер мен өзге де мүдделі тараптардың мүдделерін құрметтеу. Дәл осы қағидаттар инвесторлардың сенімін қалыптастырып, бизнестің орнықтылығын қамтамасыз етеді және ұзақ мерзімді экономикалық өсімге негіз қалайды», – деп атап өтті Solidcore Resources plc компаниясының тәуелсіз директоры, Қауіпсіздік және орнықты даму комитетінің төрағасы Жанат Бердалина.
Ішкі аудит, тәуекелдерді басқару және комплаенс мәселелері директорлар кеңесінің компанияның нақты жай-күйі туралы объективті ақпаратты уақтылы алуы тұрғысынан қарастырылды.
Сарапшылар қабылданатын шешімдердің сапасын бағалауға арналған практикалық тексеру тізбесін және елеулі тәуекелдер туралы ақпаратты директорлар кеңесіне жеткізу қағидаттарын талқылады.
Форум бағдарламасына корпоративтік басқаруда жасанды интеллектіні қолдануға арналған шеберлік сабақтары да енді. Қатысушылар жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін, оларды пайдалануға байланысты тәуекелдер мен жауапкершілік мәселелерін қарастырды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ), Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC), McKinsey & Company, KPMG, PwC компанияларының және Орталық Азия елдеріндегі кәсіби бірлестіктердің өкілдері халықаралық тәжірибемен бөлісті.
Өңірлік диалог аясында кәсіби институттар мен қауымдастықтардың 2027 жылға арналған ынтымақтастық бағыттары талқыланды. Форумның маңызды оқиғаларының бірі – «Корпоративтік басқаруды өзгерткен 50 кейс» кітабының таныстырылымы болды.
Басылым мамандардың практикалық тәжірибесін, басқару барысында кездескен нақты жағдайларды, күрделі шешімдерді, жіберілген қателіктер мен солардан алынған, өзге компанияларға да пайдалы боларлық сабақтарды жинақтаған. Кітап корпоративтік басқару қағидаттарының іс жүзінде қалай қолданылатынын көрсетеді. Нақты жағдайларды талдау бизнес иелеріне, кеңес мүшелері мен компания басшыларына басқарушылық міндеттерді шешудің түрлі тәсілдерін бағалауға және әріптестерінің тәжірибесін ескеруге мүмкіндік береді. Басылымды осы сала мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру барысында да пайдалануға болады.
Форум аясында корпоративтік басқаруды дамытуға үлес қосқан мамандарды марапаттау рәсімі өтті. Форумды ұйымдастырушылар – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңес, «Атамекен» ҰКП-ның «Құзыреттер орталығы» ЖШС, «Corporate Governance Hub» ЖШС, сондай-ақ бейінді кәсіби бірлестіктер: Qazaq Independent Directors (QID) қауымдастығы, ҚР Комплаенс және іскерлік әдеп қауымдастығы, Орталық Азия корпоративтік хатшылар қауымдастығы, ҚР Ішкі аудиторлар институты, ҚР Тәуекел-менеджерлер қауымдастығы және Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық академия (NACG).
Форумның бас серіктесі – Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы, стратегиялық серіктесі – Solidcore Resources plc, ресми серіктесі – «Банк ЦентрКредит». Сондай-ақ Mastercard (Қазақстан және Орталық Азия), Narxoz Business School, KPMG, PricewaterhouseCoopers (PwC), Қазақстан инвесторларының қауымдастығы, Pana Holding, Documentolog, Қазақстан қор биржасы (KASE) және Қазақстан баспасөз клубы форумның серіктестері болды. Форумның басты практикалық бағдары – талқыланған тәсілдерді жеке компаниялардың қызметіне енгізу, кәсіби кеңестер қалыптастыру, басқарушылық шешімдердің сапасын арттыру, инвесторлардың сенімін нығайту және бизнестің орнықты дамуына жағдай жасау.