Жамбыл облысында жалпы құны 24 млн теңге болатын 16 бас жылқыны ұрлады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды өңірлік ПД-ға сілтеме жасаған paryz.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Т.Рысқұлов ауданының құмды алқабындағы жайылымда болған. Ер адам жайылымда қараусыз жүрген жылқыларды байқап, оларды иемденуді ұйғарған.
"Ол өзіне тиесілі айғырға мініп, жылқыларды үйірімен бірге айдап әкеткен. Салдарынан мал иесіне 24 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген", - деп мәлімдеді Жамбыл облыстық ПД.
Тергеу барысында оның ұрланған малдың жетеуін сойып, етін сатып жібергені белгілі болды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бұл дерек бойынша аса ірі мөлшердегі мал ұрлығы бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.