Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Екі студенттің өлімі: Министрлік кешенді тексеріс жүргізбек

Ғылым министрлігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға кешенді тексеру жүргізеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.

Екі студенттің өлімі: Министрлік кешенді тексеріс жүргізбек
Фото: Яндекс

«Жастар ортасында студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне кешенді тексеру жүргізеді. ҚазҰУ-ға мониторингтік топ жіберіліп, онда студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өмірі мен денсаулығын қорғау бөлігінде заңнама мен ішкі құжаттар талаптарының сақталуы зерделенеді. Сондай-ақ тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігі бағаланады», - делінген хабарламада. 

Министрліктің мәліметінше, жанжалды жағдайларды анықтау мен алдын алудың, студенттердің өтініштеріне уақтылы ден қоюдың және оларға психологиялық көмек көрсетудің қолданыстағы тетіктеріне ерекше назар аударылады.

«Бұдан бөлек Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, прокуратура, Полиция департаменті, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы өкілдерінің, кәсіби психологтар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы Алматы қаласындағы жатақханаларға көшпелі іс-шаралар жүргізіп, студенттермен кездесулер мен профилактикалық жұмыстар ұйымдастырады. Негізгі міндет – студенттік ортада «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту, тәуекел факторларын уақтылы анықтау, жанжалды жағдайлардың, девиантты және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, сондай-ақ студенттер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдайлар қалыптастыру. Тексеру қорытындысы бойынша студенттік ортада қауіпсіздікті арттыру және профилактика жүйесін жетілдіру жөнінде қосымша шаралар әзірленеді», - делінген ведомство хабарламасында.