Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Полицей мен мұғалім бір отбасын ажалдан арашалап қалды

Таразда бір отбасы газдан уланып қалған. Жамбыл облысы  Полиция департаментінің мәліметінше, отбасында 5 адам болған, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі. 

Полицей мен мұғалім бір отбасын ажалдан арашалап қалды
фото: polisia.kz

Polisia.kz-тің дерегінше, оқиға 6 наурыз күні сағат 22.00 шамасында болған. Тараз қаласы ПБ 2-полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Әлішер Ермеков пен мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Эльмира Еселбаева сабаққа келмеген  оқушының үйіне барған.

Мектепке келмеген 8 жастағы баланың ата-анасы телефон қоңырауына жауап бермеген. Мекенжайға келген полицияға есік ашпаған.

Көршілерден сұрап, кешеден бері бұл отбасын  ешкім көрмегені белгілі болды. Әлішер Ермеков көршісінің рұқсатымен үйдiң ауласына кiрген.

– Үйге келе жатып, терезеден біз баланың еденде ес-түссіз жатқанын көрдік. Ойланбастан терезені сындырып, бөлмеге кірдім. Үйде каустикалық иіс болды. Тұрғындардың көміртегі тотығына тұншыққанын түсіндім. Бірден газды жауып, барлық терезені аштым, – деді Әлішер Ермеков.

Барлық бөлмені аралап шыққан полицей 58 жастағы отағасын, оның 47 жастағы әйелін, олардың 12 және 10 жастағы қыздарын, сондай-ақ 8 жастағы ұлын далаға шығарды. Полицей зардап шеккендерге  алғашқы көмек көрсетіп, кейін жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Зардап шеккендер шұғыл ауруханаға жеткізілді.

Дәрігерлердің айтуынша, егер көмек кешiккенде, бес адамды аман алып қалу мүмкін болмас еді.