Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Солтүстік Қазақстанда 14 жасар қыз зорланды

Солтүстік Қазақстан облысы Булаев қаласында 14 жасар қыз зорланды. Бейресми мәліметтерге сәйкес, күдікті бұрын сотталған, – деп хабарлайды Paryz.kz.

Солтүстік Қазақстанда 14 жасар қыз зорланды
Фото: ашық дереккөз

Полиция қылмыстық оқиғаны растап отыр. Жапа шегушінің жағдайы белгісіз.

«15 ақпанда СҚО Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Булаев қаласындағы үйлердің бірінде 14 жасар қыздың зорланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-тармағы  3-1-бөлігі («Зорлау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді», – делінген СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі жолдаған хабарламада.

Полиция қызметкерлері Булаев қаласының 23 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Қазір  ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, істің мән-жайын зерделеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады.

«ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді. Азаматтардан тек тексерілген, расталған ресми ақпаратқа назар аударуды сұраймыз», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар аталған ауданда мектеп  оқушысы сабаққа пышақ апарып, басқаларды қорқытатыны жайында ақпарат тарады. Полиция қызметкерлері аталған арызға қатысты да жауап берді.

«Сондай-ақ  Мағжан Жұмабаев ауданының полиция бөліміне мектеп оқушысының сыныптастарын пышақпен қорқыту фактісі бойынша өтініштер түспегенін хабарлаймыз», – делінген Полиция департаменті жолдаған ақпаратта.

Қазір көпті жаға ұстатқан зорлау фактісі бойынша полиция қызметкерлері тексеріс жүргізуде.

Бұған дейін Петропавлда мектеп оқушысы сабаққа балта апарып, 3 оқушыны жаралағанын жазған болатынбыз.