Ақмола облысында полицейлер мен еріктілер жоғалған алты жасар баланы іздеп жатыр. Бала 30 сәуірде үйден шығып кеткен, әлі күнге дейін қайда екені белгісіз, - деп хабарлайды Paryz.kz.
Ведомство мәліметінше, алты жасар бала жоғалғаны туралы арыз Қорғалжын ауданының полиция бөліміне 30 сәуірде түскен. Баланың анасы оның үйден сағат 19.00 шамасында шыққанын, содан оралмағанын айтқан.
"Алдын ала ақпаратқа сәйкес жоғалып кеткен күні баланы Нұра өзені маңында байқаған, осыдан кейін оның қайда екені белгісіз", - деді полиция.
Баланы іздеуге полицейлер, құтқарушылар, еріктілер және бей-жай қарамайтын жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. Баланың дене бітімі: арықтау келген, қара шашты, қоңыр көзді. Жоғалған күні ол қызғылт сары жемпір, қара шалбар және қоңыр кроссовка киген.
"Жандәулеттің қайда екені туралы қандай да бір ақпарат болған жағдайда 102 нөмірі бойынша дереу хабарлауды немесе жақын маңдағы полиция бөліміне хабарласуды сұраймыз", - деді Ақмола облысы ПД өкілдері. Баланы іздеу жалғасып жатыр.