13 тамызда Алматыда Нұрихан апа университетке түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) өтуге талпыныс жасады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, Нұрихан апа бүкіл ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, жоғары білім ала алмаған.
Биыл ол көптен бергі арманын орындап, ҰБТ тапсырып көруді шешкен. Жақындары оны қолдап, тіркеуден өтуіне көмектесті. Тестілеуге ол балаларымен бірге келіп, емтихан басталар алдында барлық талапкерлерге бата берді.
Зейнеткер сәттілік тілеп, білім алуға және жаңа нәрсені үйренуге ешқашан кеш еместігін еске салды. Бұл жолы тестілеуден өтуіне компьютермен жұмыс істей алмауы кедергі болды. Бірақ Нұрихан апа міндетті түрде үйреніп, келесі жылы ҰБТ-ға қайта келетінін айтты, – делінген хабарламада.
Ұлттық тестілеу орталығы оған зор денсаулық, табыс және өз күшіне сенуді тіледі. Айта кетейік, 10–14 тамыз аралығында Қазақстанда тамыз айының Ұлттық бірыңғай тестілеуі өтті.