Белгілі сықақшы, сахнада «Шімән апа» болып танылған Ерболат Төлеген мануалист маманға барамын деп мүгедек болып қала жаздады, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Ол емшінің өзін аямай төмпештеп жатқан видеосын Instagram парақшасына жүктеген.
«Құрметті ағайын, сіздерге айтарым, мынадай емшісымақтарға сенбеңіздер, өтініш. Әлеуметтік желіге салмап едім, қоймай біздің видеоларымызды инстаграмға салып, осыларды аяққа тұрғыздым деп жүр екен. Амал жоқ осы жазбаны жариялауға тура келді. Ойбай, Алматыға керемет мануалист келді деп балалар қоймай апарған ғой. Сөйтсем, YouTube-тен 4-5 видео көріп алып, аяқ астынан емші болып кеткендер екен ғой», - деді ол.
Әзілкеш мануалистің соққыларынан кейін қолын ала алмай қалған. Сол иығына зақым келгені сонша, 4-5 жыл өтсе де ауырғаны қоймаған.
«Тап осы емшісымаққа сеніп, барып жүрмеңіздер. Оң қолымды, яғни сіңірін жыртып жіберді. 2-3 жылдай оң қолымды жұмыс істете алмай қиналдым. Енді сол қолдың иығын көтере алмай қиналып жүрмін. 4-5 жылдай болды, әлі емін таппай жүрмін. Плазма терапияда, блакада да алдым, кетпейді. Айтарым, мұндай өтірік емшісымақтарға бармаңыздаршы. Өтініш. Мені бұғаттап тастапты», - деп жазды ашынған актер.
Айтуынша, емші Шымкентте жұмыс істейді.