Маңғыстау облысы Қызан ауылының тұрғыны Шалғын Өтеғұловтың 60 жылдық мерейтойында ерекше тосынсый болды. Оның 10 қызы әкесіне жаңа пәтер сыйлап, көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Мерейтойды ерекше өткізу үшін отбасы бір жыл бойы дайындық жүргізген.
Әрбір қыз өз қалтасынан қаржы жинап, ортақ мақсатқа қолдау көрсетті. Ақтаудан пәтер іздеуге үйдегі үлкен қыздарының уақыты болмағандықтан, Әмина мен Әлина атты егіз қыздар үй іздеп тапқан екен. Бұл туралы үлкен қызы Жақсыгүл Шалғынқызы айтып берді.
«2021 жылы әкемізге LADA Niva сыйлағанымыз әлеуметтік желілерде кеңінен таралған болатын. Бірақ біз ешқашан атақ-даңқты көздеген жоқпыз, басты мақсатымыз – әкемізді қуанту еді. Біз - ауылдағы қарапайым отбасының он бір баласымыз», – дейді Жақсыгүл Шалғынқызы.
Жаңа пәтер – он қыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Пәтердің құны жарияланбаса да, бұл сыйлықтың баға жетпес екендігі айқын. Бұл оқиға отбасылық махаббат, бірлік және өзара қолдаудың жарқын мысалы болып табылады, әрі көпшіліктің таңданысын тудырды.
«Бұған дейін қыздар бір бөлмелі пәтер сыйлаған еді, оны өздері пайдаланады. Ал ата-анамыз ауылда мал бағады. Сондықтан, оларға қалада демалу үшін, жайлы жағдайда болу үшін пәтер сыйлауды жөн көрдік. Анамызға алтын білезік те сыйладық»,– деп толықтырды Жақсыгүл Шалғынқызы.