Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне Жүсіпбек Аймауытұлының үлкен ұлы Бектұр Аймауытовтан қалған жәдігерлер тапсырылды. Ұлының тұяғы кеңес өкіметінің солақай саясатынан өмір бойы Азия елдеріне шығарылмай, «халық жауының баласы» деген жаламен 10 жылын Ресей түрмелерінде өткізген.
Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, Жүсіпбек Аймауытұлы отбасын екі мәрте құрған. Алғашқы жары Вера Волковадан Бектұр, Жанақ есімді ұлдары және екінші некесі Евгения Сермұхамедовадан Мәруа (Муза) деген қызы дүниеге келген. Аймауытов ұрпақтарының барлығы қуғын көрген. Әсіресе 1916 жылы туған үлкен ұлы Бектұр көп қасірет шекті. Ол кезінде Орынбордағы мектепте Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендірмен, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрмен бірге оқыған. Ал 1937 «халық жауының баласы» деген жаламен ұсталып, Ақтеңіздегі түрмеде 10 жыл жазасын өтеген. Абақтыдан шыққан соң, паспортына «мұсылман елдеріне шығуға тыйым салынған» деген жазуы бар штамп қойылды. Кейін Ресейдің Кемер облысының Прокопьев қаласына барып, жергілікті шахтада ұзақ жыл электрик болып еңбек етті. Сол жерде отбасын құрып, бір ұл, бір қыз көрген. Ұлының тұяғы 1994 жылы Қазақстанға оралып, 2008 жылы 92 жасында Алматыда дүние салды.
Жуықта Бектұрдың қызы Риммадан туған Павел Аймауытов Жүсіпбек атасының туған жерін арнайы іздеп Баянауылға табан тірепті. Павел қазақтардан өзін Пазыл деп атауды сұрайды. Бектұрдың тәрбиесінде өскен жігерлі азамат қазақ халқының жұрағатымын дейді.
- Мен Ресейдегі Кузбаста туғанмын, қазір Кемер облысында тұрамын. Осымен Павлодар жеріне, соның ішіне Баянауылға екінші мәрте сапарладым. Алғаш бала кезімде Бектұр атаммен келген едім. Арада 28 жыл өткенде, биылғы жазда сәтін салып, тағы табан тіредім. Дәндібай атырабындағы ата-бабаларымның зиратында болғанымда жан-дүниемді бір тылсым күш жанап өткендей болды. Қазақтың сары даласын сағынатынымды түсіндім, аталарымның рухы мені бұл жаққа үнемі тартып тұратындай. Екінші сапарымнан соң атама тиесілі болған біраз заттарын Павлодардың төріне әкеліп іліп қоюды жөн деп шештім. Арғы нағашы атам Жүсіпбек 1988 жылы ақталса, Бектұр атамыз араға біраз жыл салып бұрынғы жабылған жалалардан толық құтылды. Бектұр атамның тәрбиесінде өскенімді несін жасырайын?! Алайда ол кісі өткен өмірі, балалық шағы, әкесі жайлы мүлде тіс жармайтын. Тек 90-жылдардың ортасында бізді Қазақстаннан келген ғалымдар, соның ішінде павлодарлық Айман Зейнулина бар, іздеп тапқан соң ғана ақиқатқа көз жеткізе бастадық. Атам туған еліне келіп көз жұмды. Мен оның соңғы демі қазақ жерінде үзілуі соңғы арманы болар деп ойлаймын. Себебі өмір бойғы зарыға күткен сағынышы – Баянауылды, Қазақстанды бір көру болғанын біз есейе келе білдік қой, - деп тебіренді Павел.
Аймауытұлының жұрағаты Бұқар жырау атындағы музейге Бектұрдың төлқұжатының көшірмесін, еңбек жетістіктері үшін алған грамотасы мен медалін табыс етті. Сондай-ақ Қызылтаудағы «Мәдени кіндік» тарихи білім беру-тәрбие кешенінің орнынан өзі тауып алған есіктің жез тұтқасын аманаттады.
- Көне заманның мәнерімен жасалған тұтқаны атам Жүсіпбек талай мәрте ұстағаны анық, бұл жәдігерді табуға Жаратқан өзі жәрдемдескен болар, - деді ол.
Павел Ж. Аймауытұлының мұрасын одан әрі зерделеуге үлесін қосуға ниетті. Айтуынша, ең үлкен миссиясы – Мәскеудің Ваганьков зиратындағы тұлғаның жерленген жерін табу. Одан соң шығармашылығын орыс тіліне аудартып, орыс тілді қауымға танымал ету. Сондай-ақ Павлодардағы Ж. Аймауытұлы атындағы қазақ театры орналасқан қазіргі Ломов көшесін «Жүсіпбекұлы көшесі» деп өзгерту туралы облыс басшылығына ұсыныспен шығамын деген ниетін де жасырмады.