Прямая трансляция

Астана

Астана

23.45°C

Димаш Құдайберген ШҚО-дағы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінде өнер көрсетеді

Ауқымды этномәдени форумның басты оқиғаларының бірі – әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің өнер көрсетуі болмақ, деп хабарлайды paryz.kz.

Димаш Құдайберген ШҚО-дағы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінде өнер көрсетеді
Фото: әлеуметтік желіден

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өнерпаз фестивальге қатысуын растаған. Аталған шара Қазақстанның ресми туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген.

Димаштың концерті өңірге әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтар санын арттырады деп күтілуде. Катонқарағай еліміздегі ең көркем туристік өңірлердің бірі саналады.

Мұнда жыл сайын туристер саны артып келеді, ал жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар заманауи туристік инфрақұрылымның дамуына серпін беруде. Өңірде жыл бойы жұмыс істейтін қонақүй кешендері мен туристік ауылдар салынып, тау шаңғысы бағыттары мен экологиялық туризм дамып келеді. Фестиваль бағдарламасы мәдени, спорттық және туристік іс-шараларды қамтиды.

Қонақтарды концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, қолөнершілер көрмелері, этномәдени жобалар және түркі халықтарының салт-дәстүрлерімен таныстыру шаралары күтеді. 11 шілде күні сағат 19:00-де сахнаға Қазақстан, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Моңғолия, Башқұртстан және Ресей Федерациясының Тыва Республикасынан келген өнерпаздар шығады.

Олардың қатарында Efendi, Jax, Aizana, Әлішер Байниязов, Севарахон Туланова, Мурат Япрак, Сүбедей Самдын, Hazina, NOX, Төреғали Төреәлі және Сармат топтары бар.

Кештің басты хедлайнері – Димаш Құдайберген.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, фестиваль жарқын мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар Шығыс Қазақстандағы туризм саласының дамуына қосымша серпін беріп, өңірдің еліміздегі жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтады.