Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

"Ей, Нұрсұлтан, кім едің?..": Қалиевтің "мойнын бұрап жұлып алмақ" болғандар да бар

"Ол кезде залда Болат Назарбаев отырған еді. Жүрсін ағам сол кісіні меңзеп, "айтқаның елбасыға жететін болды" деген еді..." - дейді ол.

"Ей, Нұрсұлтан, кім едің?..": Қалиевтің "мойнын бұрап жұлып алмақ" болғандар да бар
фото: дереккөз

"Айтыстың ақтангері" атанған белгілі ақын Айбек Қалиев ел мәселесі жайлы ойын айтты. Айтыстағы қателері мен кедергілері, билікті сынаған кездерін саралап берді. Бұрынғы айтыс пен қазіргі айтыстың айырмашылығын сөз етті. Бұл туралы ол журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты, деп жазды paryz.kz, stan.kz-ке сілтеме жасап.

"Бір кездері қажылық туралы айттым. Қажылықтың қадірін кетіріп жүр деп Амантай қажыны сынадым. Ол кісі телефоныма хабарласып, "мойныңды бұрап жұлып аламын" деген еді. Бірақ мойным орнымда. Ол кісі сол кезде маған дауыс беріп жүр екен. Сөйтсем, өзін сынағанда ашуланған. Одан кейін бетпе-бет кездеспедік", - дейді айтыскер.

Айбек Қалиев билікке де сын айтып, қолға алар істің біршамасын тізіп берген еді.

"Мен шамам келгенше айттым. Билікті де, басшыны да. Естір құлақ жоқ. Мен сол кісінің қасында жүрген адамдардан, зиялы қауымнан бір Бұқар шықса деп армандадым. Мінін, қатесін айтса. "Ей, Нұрсұлтан, кім едің?" деген бір Бұқар шыққан жоқ. Мен ес білгенде елбасы президент болды. Мен оның жүріп өткен жолын көзбен көрген жоқпын. Сондықтан қасында жүрген, сөзі өтетін, өскенін көрген адам айта алар еді. Бір айтыста елдегі мәселені көтеріп, билік шешуі керек проблемаларды тізіп бердім. Ол кезде залда Болат Назарбаев отырған еді. Жүрсін ағам сол кісіні меңзеп, "айтқаның елбасыға жететін болды" деген еді. Болат мырзаның еш қарсылығы болған жоқ. Керісінше, қол соғып қошеметтеді", - деді ақын.

Сондай-ақ ол бір айтыста әкімді жамандаймын деп бармақ тістеп қалғанын да еске алды.

"Арқалықта Аманжол Әлтаев екеуміз айтысқа қатыстық. Мен бұрынғы әкімдерін сынадым. Сабыржан деген кісіні де сынға алдым. Ол кісі сол аймақта әкім болған. Кейін ол кісі менімен жолығып, мән-жайды түсіндірді. Мәселенің басқада екенін түсіндім. Мен сондағы сөзге сеніп, еш сараламастан, жастықтың буымен сынаппын. Бірақ ол кісі маған ренжіген жоқ. Қатемді түзеді. Бет көріспей кеткен жоқпыз. Әлі күнге сәлеміміз түзу. Қазір ондай "Сабыржандар" жоқ. Қатеңді түзеп, әрі қарай араласа беретін адам жоқ. Сол уақыттан бастап мен бір мәселені айтсам, әбден тексеріп алатын болдым", - деді Айбек Қалиев.