Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Бизнесті ғылыми зерттеулердің барлық кезеңіне тарту ұсынылды

Ғылыми басымдықтарды айқындау кезінде ел алдында тұрған нақты міндеттер ескерілуге тиіс. Бұл туралы Құрылтайда Жоғары аудиторлық палатаның ғылым мәселелері жөніндегі есебін тыңдау барысында Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев айтты, деп жазады Paryz.kz.

Бизнесті ғылыми зерттеулердің барлық кезеңіне тарту ұсынылды
Фото: pixabay.com

Атап айтқанда, қолданбалы зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер жобаның қандай мәселені шешетінін, оның нәтижелері кімге қажет екенін және олар қайда қолданылатынын алдын ала анықтау ұсынылады.

Сондай-ақ, Комитет салалық министрліктердің, кәсіпорындардың және ғылыми қоғамдастықтың қатысуымен ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыру тәртібін жетілдіруді ұсынып отыр. Бизнестің қатысуы міндет қоюдан бастап, сынақ және енгізу кезеңдерінде жалғасуы керек. Кәсіпорындар өндірістік алаңдарды ұсына алады, нәтижелерді тексеруге қатысады және перспективалық әзірлемелерді бірлесіп қаржыландырады.

Ол үшін ғылым мен бизнестің бірлескен жұмыс тетіктерін, соның ішінде тараптардың міндеттемелерін, зияткерлік меншікті пайдалану шарттарын және кәсіпорындардың енгізуге қатысуын айқындаған жөн.

Дархан Ахмедиевтің пікірінше, осының нәтижесінде еңбек өнімділігін арттыратын, өзіндік құнды төмендететін, ресурстарды үнемдейтін және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін шешімдер пайда болуы тиіс.