Орталық Азиядағы ең ірі 20 компанияның 13-і Қазақстанға тиесілі. Сонымен қатар рейтингтің алғашқы жеті орнын отандық компаниялар иеленген. Бұл Қазақстанның экономикалық әлеуетін және бизнестің түрлі салаларда дамып келе жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды paryz.kz.
Көшбасшылар қатарында «ҚазМұнайГаз», Kaspi.kz, «Қазатомөнеркәсіп», Freedom, Halyk Bank, Solidcore және Higgsfield бар. Олардың арасында мұнай-газ және тау-кен өндірісі кәсіпорындарымен қатар қаржы, финтех және жасанды интеллект саласындағы компаниялардың болуы экономиканың жаңа бағыттары дамып келе жатқанын аңғартады.
Экономист Бауыржан Ысқақтың пікірінше, қазақстандық компаниялардың өңірлік рейтингтегі жоғары нәтижелері елдің инвестициялық тартымдылығы мен технологиялық әлеуетін көрсетеді.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанның табиғи ресурстары, ішкі нарығы, дамыған банк жүйесі мен цифрлық қызметтері отандық компаниялардың өсуіне және халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік береді. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру және жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіру маңызды. Экономиканың технологиялық бағыттағы дамуын Kaspi.kz пен Higgsfield компанияларының қызметінен байқауға болады.
Kaspi.kz төлем, сауда және қаржылық қызметтерді бір жүйеге біріктірсе, Higgsfield генеративті жасанды интеллект негізінде бейне жасау технологияларын дамытады. Бауыржан Ысқақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беруі отандық технологиялық бизнестің өсуіне қолайлы жағдай қалыптастыратынын атап өтті.
Алайда бұл үшін білікті мамандар даярлау, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және стартаптарға инвестиция тарту қажет. Сарапшы Қазақстанның қаржы, логистика және технология салаларындағы әлеуеті жоғары екенін айтады.
Оның пікірінше, бизнесті қолдау, бәсекелестікті дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту еліміздің Орталық Азиядағы өңірлік орталық ретіндегі орнын нығайта алады. Сонымен қатар ірі компаниялардың жетістігі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, еңбек өнімділігінің артуына және халық табысының өсуіне ықпал етуі керек.