Атақты жазушы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы, қоғам қайраткері Роза Айтматова 89 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды жазушы атындағы қорға сілтеме жасаған paryz.kz.
"89 жасында Роза Айтматованың дүниеден озғанын қайғыра хабарлаймыз. Роза Төрөқұлқызының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады", - делінген қордың Instagram-дағы парақшасында жарияланған хабарламада.
24.kg сайтының мәліметінше, Роза Айтматова физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қырғызстанның еңбек сіңірген білім беру қызметкері және қоғам қайраткері болған. Ол Маяковский атындағы Қырғыз мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітіріп, Қырғыз КСР Ғылым академиясында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген, кейін жоғары оқу орнында дәріс берген.
Сондай-ақ оның физика және педагогика салалары бойынша бірқатар ғылыми еңбектері жарық көрген. Сонымен қатар Роза Айтматова өз әулетінің тарихын сақтап қалуға күш салған. Ол жиені Асан Ахматовпен бірлесіп, 1930 жылдары репрессияға ұшыраған әкесі Төрөқұл Айтматовтың өмірі мен қызметіне және Шыңғыс Айтматовтың балалық шағына арналған "Тарихтың ақтаңдақ беттері" атты кітап жазған.
Роза Төрөқұлқызы саналы ғұмырының едәуір бөлігін әйелдер құқығын қорғауға арнаған. 1996 жылы ол әріптестерімен бірге "Әйелдерге көмек көрсету орталығы" қоғамдық ұйымын құрған.