Шымкентте Тұран ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жағдайға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті пікір білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.
"Шымкенттен 1 қыркүйекте жергілікті ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлері пара алып жатқан жерінен Тұран ауданы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастығы Мұрат Бейсенбаевты әшкерелегені туралы ақпарат түсті. Тергеу мәліметінше, ол қол астындағы қызметкерлер арқылы кәсіпкерлерден өз мекемесінің оң қорытындысын беру үшін жүйелі түрде ақша алып отырған", - делінген Telegram-дағы Kozachkov offside арнасындағы жазбада.
Журналистің ақпаратына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі "Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алу" бойынша жүргізілуде. NUR.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап берген ҰҚК өкілдері сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын растады.
"Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - деп түсінік берді ведомстводағылар.