2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін әскерден кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға негізі жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 23 000-ға жуық ер-азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.
Әскерге шақырылған азаматтардың 12 000-нан астамы – Қарулы күштер, 7 000 – Ұлттық ұлан, 3 000 – ҰҚК Шекара қызметі, 400-ден астам адам – Төтенше жағдайлар министрлігі, 300-ге жуығы – Мемлекеттік күзет қызметі қатарын толықтыратын болады. Бұдан былай әскери есепке алу мен шақыру қызметтерінің басым бөлігі проактивті форматқа өтіп, толық автоматтандырылады. Ол «Цифрлық шақыру» жүйесі мен «Smart военкомат» жобалары арқылы жүзеге асады.
Министрліктің хабарлауынша, тұрғылықты жері ауысқанда әскери есепке тұру, 17 жастағы бозбалаларды алғашқы тіркеуге қою, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру мен босату қызметтері цифрлық форматқа көшірілді. Азаматтар әскери есепке қатысты барлық мәліметтерді eGov порталындағы жеке кабинетінен көре алады.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы тұрғылықты жері ауысқан кезде әскери есепке автоматты түрде қою жүйесі бойынша 434 мыңнан астам адам қайта есепке алынып, 457 мыңнан астам кейінге қалдыру шешімі автоматты түрде берілді. Ал E-Медтексеру жүйесі арқылы өткен жылы 17 мыңнан астам шақырылушы медициналық тексеруден цифрлық форматта өтті.