Прямая трансляция

Астана

Астана

15°C

Алматы облысында жаңа мектептің жертөлесін су басып жатыр

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаражота ауылында былтыр ғана салынған жайлы мектептің жертөлесін су басып жатыр. Мұғалімдерді әбігерге салған мәселе туралы Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты, деп хабарлайды paryz.kz.

Алматы облысында жаңа мектептің жертөлесін су басып жатыр
Фото: sputnik.kz

Қаражота ауылының 370 оқушысы биыл екінші жыл жаңа мектепке барды. Дәлізі кең, айнадай білім ордасы - жайлы мектеп. Білім аламын деген балаға бар жағдай жасалған. Кей ауылдағыдай емес, бала саны барған сайын көбейіп барады.

Жайлы мектепте оқығысы келетін оқушы біткен тіпті 9 шақырым жердегі Шелек ауылынан келіп өтініш беріп жатыр.

"Соңғы күндері күніне 10 оқушы келіп, осы мектепте оқу туралы өтініш беріп жатыр", - дейді мектеп мұғалімдері.

Биыл бірінші сыныпқа екі сынып қабылданды. Ал бітірген түлектердің 70%-і грантқа түскен.

Әттеген-айы сол, су жаңа мектептің жертөлесін су басып жатыр.

"Су мәселесі жаздан бері бар. Аудандық білім бөлімі кәріз құдықтарын сорғызып беріп тұрады. Ала жаздай оқушы болған жоқ, бірақ су сол күйі кетпеді. Мердігерлер мұны кәріз құдығының суы дейді, ол мүмкін емес. Шілде айында ғана 100 тонна кәріз суы сорғызылды. Ала жаздай оқушы да болған жоқ, бірақ жертөлені су басып тұр", - дейді Қаражота ауылындағы орта мектеп директоры Анаргүл Әлімбаева. 

Мұғалімдердің айтуынша, су жертөледегі құбырлардан кетіп жатыр.

"Хабары бар басқа мамандарды да әкеліп көрсетіп жатырмыз, олар құбырлар дұрыс орналаспаған деп жатыр. Мердігерлерге де ескертіп жатырмыз", - дейді мектеп директоры. Құбырлардан су тамшылап үздіксіз ағып тұр. Салдарынан жертөле қабырғалары сыз тартып, құмсылағы түсіп кеткен. Мұғалімдер жертөле терезесін ашып, амалдаумен жүр.