Астана сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот кулуарында марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнелдің адвокаты журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Әділет Зейнелдің адвокаты Мұрат Мауметов оның жәбірленуші мәртебесінен анасының пайдасына бас тартатынын айтты.
Әділет жәбірленуші мәртебесінен анасының пайдасына бас тартады. Қазір ол бұған келісіп отыр. Әзірге тиісті өтінішті берген жоқпыз, бірақ оны беруді жоспарлап отырмыз.
Заңда жәбірленушінің мүддесін басқа тұлғаның білдіру мүмкіндігі қарастырылған. Келесі сот отырыстарына ол қатыспайтындай етіп сұраймыз, – деді Мұрат Мауметов.
Журналистер тараптар арасында мүлікке қатысты шешілмеген дау бар-жоғын да сұрады.
Мұрат Мауметов тараптардың арасында мұндай мәселе қалмағанын айтты. Барлығы ерікті түрде және барлық тараптың келісімімен шешілді. Мүліктік дау ерікті тәртіппен реттелді, – деді ол.
Адвокат бұл мәселеге қатысты нақты қандай шешім қабылданғанын түсіндірмеді. Сонымен қатар журналистер Әділет Зейнелдің жеке өміріне қатысты сұрақтар қойды. Алайда адвокат бұл сұрақтарға жауап беруден бас тартып, өзінің клиентінің мүддесін тек қылмыстық іс аясында қорғайтынын айтты.
Сондай-ақ ол клиентіне журналистермен сөйлеспеуге кеңес берген. Айта кетейік, заң бойынша Әділет Зейнел Ұлдана Мырзуан қайтыс болған кезде оның заңды күйеуі болған. Кейін ол қайта үйленген.
Бұған дейін жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков Әділет Зейнелдің заң бойынша жәбірленуші мәртебесінен айырылмайтынын айтқан еді. Заң бойынша Зейнел Әділет Ұлдана қайтыс болған кезде оның заңды күйеуі болды. Кейін қайта үйленді. Заң бойынша ол мәртебесінен айырылмайды. Бірақ моральдық тұрғыдан бұл шешімді дұрысырақ деп ойлаймыз, – деді Нұрсұлтан Орынбеков.