Бүгін, 11 тамызда Астананың Сарыарқа ауданында «Заң мен тәртіп» бағдарламасы аясында алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шара өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.
Рейдті Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты, Мемлекеттік кірістер басқармасы және Полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп өткізді.
Сарыарқа ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ғалия Бердібектің айтуынша, тексеру кезінде кәсіпкерлердің алкоголь өнімдерін сатуға қажетті арнайы лицензияларының бар-жоғы қаралды.
«Заң мен тәртіп» бағдарламасы негізінде Астана қаласы Сарыарқа ауданының мемлекеттік қызметкерлері бірлесіп алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шара жүргізді. Астананың Майқұтов, Тополиная және Қосшығұлұлы көшелеріндегі бірнеше дүкенге шолу жасалды. Тексеру барысында жеке кәсіпкерлердің алкоголь өнімдерін сатуға арналған арнайы лицензиялары бары анықталды», – деді Ғалия Бердібек.
Сондай-ақ рейд барысында кәсіпкерлерге алкоголь өнімдерін өткізуге қатысты заң талаптары түсіндіріліп, тиісті лицензиясыз сауда жүргізген жағдайда жауапкершілік қарастырылатыны ескертілді.
Учаскелік полиция инспекторы Даниель Абдрахмановтың сөзінше, іс-шараның негізгі мақсаты – заңсыз сауданың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру.
«Профилактикалық рейдтік іс-шара аясында алкоголь өнімдерін өткізу кезінде заңнама талаптарының сақталуына қатысты сауда нысандары тексерілді. Негізгі мақсат – заңсыз сауданың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне анықталған заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті түсіндіру. Кәсіпкерлерді заңнамада белгіленген талаптарды сақтауға және алкоголь өнімдерін өткізуге тиісті лицензияның болуын қамтамасыз етуге шақырамыз», – деді Даниель Абдрахманов.
Іс-шара тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына жол бермеуге және кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталды.