«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тарихи оқиға болды. Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет табиғи мекеніне Амур жолбарысының Үміт атты аналығы жіберілді.
Жолбарысты табиғи мекеніне жіберу оны тарихи мекендеу ареалына қайтару және популяциясын қалпына келтіру бағдарламасын іске асырудағы алғашқы практикалық қадам болды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев, Ресей Федерациясының Әділет министрі, «Амур жолбарысы» орталығының бақылау кеңесінің төрағасы Константин Анатольевич Чуйченко, сондай-ақ ғылыми қауымдастықтың, халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері және жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасына қатысып жүрген сарапшылар қатысты.
Жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтару жұмыстарының алдында Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және халықаралық серіктестер бірнеше жыл бойы бірлесіп ауқымды жұмыс жүргізді.
– Бүгін біз шын мәнінде тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қазақстан аумағында жолбарыс жойылып кеткеніне 70 жылдан астам уақыт өткен соң алғаш рет жолбарыс өзінің тарихи мекендеу ареалына қайта жіберілді. Бұл – мемлекетіміздің, ресейлік әріптестеріміздің, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің көп жылғы бірлескен еңбегінің нәтижесі. Алда жолбарыстарды тұрақты бақылау және орнықты популяция қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр. Дегенмен бүгін осы маңызды істің алғашқы әрі аса маңызды қадамы жасалды, - деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев.
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы кездейсоқ таңдалған жоқ. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің бойы тарихи тұрғыдан жолбарыстың табиғи мекені болған. Бұл аумақта Орталық Азиядағы ең ірі жыртқыштардың бірі – Тұран жолбарысы мекендеген. Бірегей тоғайлы ормандар мен мол қоректік база оның тіршілік етуіне қолайлы жағдай қалыптастырған.