«Қазгидромет» РМК бүгін, 18 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталып, кей жерлерде найзағай, жаңбыр, бұршақ, дауыл және шаңды дауыл күтіледі.
Ең жоғары температура Қызылорда облысында тіркелмек. Өңірде ауа температурасы +45…+47°C-қа дейін көтерілсе, облыстың батысында аздаған жаңбыр, найзағай және шаңды дауыл болжанып отыр.
Осындай аптап ыстық Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарының бірқатар аудандарында да сақталады. Алматы қаласында күндіз +40…+42°C, Қонаевта +41…+43°C, Талдықорғанда +40…+42°C ыстық болады. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде бұршақ, дауыл және желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.
Астанада күндіз ауа температурасы +35…+36°C-қа дейін көтерілсе, Ұлытау облысында +36…+39°C, Қарағанды облысында +35…+37°C ыстық болады. Қарағанды өңірінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Маңғыстау облысында да жаңбыр мен найзағай күтіледі. Өңірдің оңтүстігі мен орталығында ауа температурасы +38…+42°C-қа дейін ысиды. Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта болмауға, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және қолайсыз ауа райы кезінде сақтық шараларын күшейтуге кеңес береді.