Синоптиктер 18-20 шілде аралығында Қазақстанда ауа райы қандай болатынын айтты, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасаған paryz.kz.
Метеорологтардың мәліметінше, алдағы демалыс күндері солтүстік-батыс циклоны мен оған тиесілі атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде күн райы құбылмалы болады.
Кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Қостанай облысының жекелеген аудандарында, 19-20 шілдеде Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында, 20 шілдеде күндіз Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Сонымен қатар кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшейіп, дауыл соғуы ықтимал, ал оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл күтіледі.
Алдағы күндері тек елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және 18 шілдеде орталық өңірлерде жауын-шашынсыз, күн ашық болады. Жаңбырға, кей уақыттарда қатты жаууына байланысты республиканың солтүстік-батысы мен солтүстігінде күндізгі ауа температурасы +21...+29°С-қа дейін төмендейді.
Дегенмен, Қазақстанның шығысы мен орталығының басым бөлігінде Орта Азия аудандарынан келетін ыстық ауа массаларының ықпалы сақталады.
Осыған байланысты мұнда күндізгі ауа температурасы +35…+39°С-қа дейін жетіп, аптап ыстық болады. Орталық және шығыс өңірлердің оңтүстік бөлігінде де аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +42°С-қа дейін көтеріледі.
Сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік-батысында +44°С-қа дейін, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында +45…+48°С-қа дейін аптап ыстық күтіледі.