Прямая трансляция

Астана

Астана

22.12°C

Тоқаев Аида Балаеваға мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясатты күшейту жөнінде тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеван қабылдады.

Тоқаев Аида Балаеваға мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясатты күшейту жөнінде тапсырма берді
Фото: Ақорда

Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдегендей, кездесу барысында Президентке мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясат салаларында жаңа Конституция ережелерін жүзеге асыру барысы, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы баяндалды.

Аида Балаева заңнаманы жаңа Ата заң талаптарына сәйкестендіру, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру, цифрлық кеңістікті дамыту және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді. 

Сонымен қатар отбасы және жастар саясаты, волонтерлік қызмет пен қоғамдық бақылау салаларын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды, - делінген Ақорданың хабарламасында. Кездесуде еліміздің мәдени инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері де сөз болды. Атап айтқанда, жаңа білім, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру, дәстүрлі өнерді қолдау, сондай-ақ мәдениет саласы үшін білікті мамандар даярлау жөніндегі ұсыныстар Президент назарына ұсынылды. Мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Вице-премьер білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларын дамытуға бағытталған жұмыстар туралы баяндады. 

Сондай-ақ ведомствоаралық ықпалдастықты күшейту, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, адами капиталды дамыту, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және әлеуметтік сала инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы мәдениет, ақпарат және әлеуметтік даму салаларындағы мемлекеттік саясатты одан әрі күшейтуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.