Атырауда жыл басынан бері қоғамдық орындарда бет-әлпетті толық жауып тұратын киім киюге тыйым салатын заңнама талаптарын бұзғаны үшін 150 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция департаментінің нақтылауынша, қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік инспекторлары профилактикалық рейдтер жүргізіп, тұрғындарға өткен жылы күшіне енген заң нормаларын түсіндіруде.
Полицейлер бұл тыйымның діни сенім бостандығын шектеу үшін емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізілгенін айтады.
Талаптардың негізгі мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім бостандығын шектеу емес. Олар, ең алдымен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қоғамдық орындарда тұлғаны тану (идентификациялау) мүмкіндігін жасауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған, - деп атап өтті полициядан.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері бұл талаптарды бұзғаны үшін 150 адамға айыппұл салынған. Осыған байланысты аймақ тұрғындары заңнаманы сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырылды.
Айта кетейік, Қазақстанда қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салу 2025 жылғы 12 шілдеден бастап өз күшіне енген.