Мемлекет басшысы "Қазақстан – ЕО" дөңгелек үстелінде сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорда.
Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің іскерлік орта өкілдері қатысқан жиында қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынас шынайы стратегиялық сипатқа ие болғанын айтты.
"Бүгінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады, оның үлесіне Қазақстанға шетелден тікелей тартылған инвестицияның жартысына жуығы тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл жетістік халықаралық деңгейде мойындалды", – деді президент.
Мемлекет басшысы осы сапар барысында жалпы сомасы 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын жеткізді.
"Қазақстан ЕО аса маңызды шикізат ресурстарының тізбесіне қосқан 34 минералдың 21-імен қамтамасыз етуге әзір. Осы әлеуетті барынша пайдалану үшін біз "офтейк" негізіндегі ынтымақтастық жолын ұсынамыз. Бұл шикізатты өз елімізде өңдеп, қосылған құны жоғары өндіріс тізбегін құруға ықпал етеді. Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығының құрылуы – аталған бағыттағы серіктестіктің нәтижесі. Сонымен қатар Қазақстан жаһандық жаңа энергетикалық жүйеге көшу бастамасын ілгерілетуге қашанда ынталы", - деді Тоқаев. Ол еліміз ірі уран өндіруші ретінде әлемдегі сұраныстың 40 пайызға жуығын қамтамасыз ететінін, мұнай мен газдың, көмірдің айтарлықтай қоры бола тұра, Қазақстан "жасыл" сутегін өндіру жобасын белсенді түрде қолға алып жатқанын айтты.
"Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында литий, никель, ванадий және кобальттың әлі игерілмеген мол қоры бар. Түптеп келгенде, біз серіктестерге өте прагматикалық формула ұсынамыз: яғни стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті инвестицияға және технологияға айырбастауға ниеттіміз. Бұл тәсіл Еуропа стандарттарына толық сай келеді", – деді Қазақстан президенті.
Бұдан бөлек президент ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталып, ынтымақтастық әлеуеті зор екенін алға тартты және Қазақстан бұл ретте шынайы стратегиялық серіктестікті жақтайтынын жеткізді.