Прямая трансляция

Астана

Астана

31.92°C

Маңғыстау жастарының мамандық таңдауы өзгеріп жатыр

Соңғы жылдары Маңғыстау жастарының мамандық таңдауға деген көзқарасы өзгере бастағаны байқалады. Бұрын өңір жастарының басым бөлігі мұнай саласын тұрақты табыс көзі ретінде қарастырса, қазір IT, цифрлық технология, инженерия, логистика, авиация және креативті индустрия бағыттарына қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды Paryz.kz otpannews.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау жастарының мамандық таңдауы өзгеріп жатыр
Фото: otpannews.kz

Мамандар мұны еңбек нарығындағы өзгерістермен және жастардың жаңа мүмкіндіктерге бейімделуімен байланыстырады. Қазіргі жас буын тек диплом алып, тұрақты жұмысқа орналасуды ғана емес, өзіне қызық әрі болашағы бар салаларда дамуды мақсат етеді.

22 жастағы жаңаөзендік Сұлтанбек Орысбай да бұрынғыдай тек мұнай саласымен шектелгісі келмейтін жастардың бірі. Оның айтуынша, бүгінде мамандық таңдауда жеке қызығушылық пен болашаққа деген көзқарас ерекше рөл атқарады.

«Менің әкем мұнай саласында көп жыл еңбек етті. Бірақ мен олардың ізін жалғағым келмеді. Кішкентайымнан техникаға, ұшақтарға қызығатынмын. Мектеп бітірген соң авиация саласын таңдап, авиаинженер мамандығына оқуға түстім. Қазір отандық әуе компаниясында авиа механик болып жұмыс істеймін», – дейді ол.

Оның сөзінше, қазіргі жастар үшін табыс табудың мүмкіндігі тек мұнай саласымен шектелмейді. Уақыт өте тәжірибе мен біліктілік артқан сайын басқа салаларда да кәсіби даму мүмкіндігі кеңейеді.

Мамандық таңдау мәселесіне қатысты профориентолог Жайна Дәулетназарова ата-ананың ықпалы әлі де жоғары екенін айтады. Оның пікірінше, кей жағдайда жастар өз қалауын емес, отбасының таңдауын негізге алуға мәжбүр болады.

«Бала ең алдымен өзіне қызық әрі жақын саланы таңдауы керек. Мамандығын оның қабілетіне, мінезіне және қызығушылығына қарап анықтаған дұрыс. Егер қиналса, профориентолог мамандардың көмегіне жүгінген жөн», – дейді маман.

Өңірде IT саласына қызығушылық танытатын жастардың қатары да көбейіп келеді. Қазір мектеп оқушылары мен студенттер бағдарламалау, графикалық дизайн, SMM, мобилография және робототехника бағыттарына ден қойып отыр. Жастар түрлі стартап жобалар жасап, жаңа технологияларды меңгеруге талпынып жатыр.

Бұл бағытта жастарға арналған орталықтар мен хабтардың да рөлі артып келеді. Mangystau Hub жетекшісі Әйгерім Мәжтайдың айтуынша, соңғы жылдары жасөспірімдер мен жастар арасында цифрлық дағдыларға сұраныс айтарлықтай өскен.

«Бұрын балалар көбіне дәстүрлі мамандықтарды таңдаса, қазір бағдарламалау, графикалық дизайн, жасанды интеллект, робототехника сияқты бағыттарға бет бұрып жатыр. Кей жастар өз идеяларымен келіп, жобаларын әзірлейді. Ал кейбір ата-аналар балаларын жаңа технологияларды меңгертсін деп арнайы алып келеді», – дейді ол.

Маманның айтуынша, хабта жастардың білім алып, тәжірибе жинауына мүмкіндік жасалған. Соның нәтижесінде бірқатар жас өз стартап жобаларын дамытып, инвестор мен демеуші тауып, идеяларын іске асырып жүр.

Мамандардың болжамынша, алдағы жылдары еңбек нарығында цифрлық технология, инженерия, логистика, жасанды интеллект және креативті индустрия салаларына сұраныс арта түседі. Сондықтан жастарға мамандық таңдауда тек жоғары жалақыға емес, жеке қызығушылығы мен қабілетіне де мән беру маңызды.