Прямая трансляция

Астана

Астана

30.99°C

Татьяна Мурадян: «Менің үйім – Қазақстан»

Қазақстан – жүзден астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан мемлекет. Елдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықтың жарқын үлгілерінің бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, медиатор, Армян аналар кеңесінің төрағасы Татьяна Мурадян. Бұл туралы Otpannews.kz тілшісімен болған сұхбатында айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.

Татьяна Мурадян: «Менің үйім – Қазақстан»
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Татьяна Мурадян Әзербайжанда дүниеге келгенімен, өмірінің басым бөлігін Қазақстанда өткізген. Оның айтуынша, туған жерінен гөрі тағдырын байланыстырған ел – Қазақстан.

«Мен Әзербайжанда тудым. Бірақ менің Отаным – Қазақстан. Өйткені осы жерде білім алдым, еңбек еттім, отбасын құрдым, балаларымды тәрбиеледім. Осы елдің нанын жеп, суын іштім. Сондықтан мен өзімді Қазақстанның патриотымын деп есептеймін», – дейді ол.

Татьяна үшін ең жағымсыз сұрақтардың бірі – «Қазақстаннан көшуді ойлайсыз ба?» деген сауал. Оның айтуынша, мұндай сұрақ өзін ренжітеді.

«Қазақстан мен үшін жай ғана тұрып жатқан мемлекет емес. Бұл – менің үйім. Менің достарым, таныстарым, өмір жолым осы елмен байланысты», – дейді ол.

Сұхбат барысында Татьяна қазақ халқының салт-дәстүрі олардың отбасының өмір салтына айналғанын атап өтті. Ұлты басқа болғанымен, қазақы құндылықтарды құрметтеп, күнделікті тұрмыста сақтап келеді.

«Қонақ күту, үлкенге құрмет көрсету, бауырсақ пісіріп, ет асып қарсы алу – біздің отбасы үшін қалыпты дәстүр. Балаларымыз да қазақ тілін меңгеріп, ұлттық құндылықтарды қадірлейді», – дейді Татьяна Мурадян.

Татьянаның анасы Анна Мурадян да Қазақстанда алпыс жылдан астам уақыт өмір сүріп келеді. Бүгінде 77 жастағы кейуана еңбек жолын жалғастырып, қоғам өміріне белсенді араласуда.

«Қазақстанға жас келін болып келдім. Осында өмір сүріп, балаларымды өсірдім. Қазақ халқы бізді әрдайым бауырына басты. Сондықтан бұл елге деген алғысым шексіз», – дейді Анна әжей.

Татьяна Мурадянның отбасы – Қазақстандағы татулық пен бірліктің нақты көрінісі. Әртүрлі этнос өкілдерінің ортақ құндылықтар төңірегінде бірігіп, бір шаңырақ астында өмір сүре алатынын дәлелдейтін тағдырлардың бірі де осы. Otpannews.kz тілшісіне берген сұхбатында Татьяна Мурадян Қазақстанды өзінің туған үйіндей көретінін айтып, елдегі бірлік пен өзара сыйластықтың маңызын ерекше атап өтті.