4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астанадағы барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Рәміздерім – мақтанышым» атты ауқымды балалар фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz.
Фестивальдің басты мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың бойында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру, отансүйгіштік пен ұлттық сананы дамыту. Шараға 3–5 жас аралығындағы тәрбиеленушілер, педагогтер мен ата-аналар белсенді қатысуда.
Мерекелік бағдарлама аясында бүлдіршіндер Мемлекеттік Әнұранды орындап, Ту мен Елтаңбаға арналған патриоттық тақпақтар оқып, ән айтып, би биледі. Сонымен қатар ұлттық және дидактикалық ойындар ұйымдастырылып, балалар «Менің Отаным – болашақта!» тақырыбында асфальт пен ватманға сурет салу флешмобына қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ғана емес, мемлекеттік рәміздердің маңызын кішкентай кезден саналарына сіңіруге бағытталған.
«Отаншылдық сезімнің іргетасы мектепке дейінгі шақта қаланады. Сондықтан мұндай шаралар өскелең ұрпақтың бойында мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыруда ерекше маңызға ие», – дейді ұйымдастырушылар.
Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – ата-аналар мен балабақша ұжымдарының бірлескен қатысуы. Бұл ынтымақтастық заң мен тәртіпті құрметтейтін, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын «Адал азаматты» тәрбиелеуге ықпал етеді.
Мерекелік іс-шаралар күні бойы жалғасады.