Әлеуметтік желілерде Астанадағы бірқатар танымал мейрамханаларда берілген тартылған ет өнімдерінің құрамында ит еті болуы мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті түсініктеме берді. BAQ.KZ редакциясының сауалына ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев жауап берді.
Айтуынша, Қазақстан заңнамасына сәйкес жануарлардан алынатын барлық өнім міндетті ветеринариялық бақылаудан өтеді және Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкестігі тексеріледі.
«Ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтпеген, сондай-ақ қауіпсіздігі мен қадағалануын растайтын құжаттары жоқ өнімдерді өткізуге жол берілмейді», – деді Жасұлан Алпысбаев.
Оның сөзінше, санитариялық талаптарға сай жануарлардан алынатын өңделмеген өнімдерден тағам әзірлеуге тек өнім қауіпсіздігін растайтын құжаттар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
«Комитет өкілі қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану орындарына қатысты азаматтардан ресми шағым түспегенін айтты. Кәсіпкерлік кодекс талаптарына сәйкес жоспардан тыс тексеріс жүргізу үшін азаматтардың шағымы мен нақты дәлелдер қажет, – деп мәлімдеді Жасұлан Алпысбаев.