Прямая трансляция

Астана

Астана

8°C

Атырауда жүргізушілер неге дүрлікті: полиция түсініктеме берді

Атыраудағы "Салтанат сарайының" жанында шетел нөмірін таққан екі жүзден астам автокөліктің иесі жиналды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Атырауда жүргізушілер неге дүрлікті: полиция түсініктеме берді
Фото: t.me/halyqstan

Жүргізушілер Қазақстанның басқа өңірлерінен келген полиция экипаждарының рейдінен үрейленген. Олар көліктің сақтандыру және тіркеу құжаттарын тексереді деп алаңдаған. Атырау облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Айтуынша, бұл – жедел алдын алу шарасы.

"Атырау қаласында кешенді және қосымша жұмылдырылған полиция күштерінің бірыңғай гарнизондық саптық байқауы өтті. Өңірде ауқымды "Құқықбұзушылыққа тосқауыл" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Іс-шара 21-23 мамыр аралығында өтеді", - дейді полиция.

Іс-шараға Астана қаласынан, Қарағанды және Қостанай облыстарынан қосымша күштер тартылған.

"Бұл іс-шара қандай да бір жеке жүргізушілер санатына немесе көлік иелеріне қарсы бағытталмаған. Профилактикалық шаралар жол қозғалысына қатысушылардың барлығына бірдей қатысты жүргізіледі – жергілікті тіркеудегі көлік иелеріне де, транзиттік және шетелдік нөмірлі көлік жүргізушілеріне де бірдей бақылау жасалады. Негізгі мақсат – жүргізушінің қандай көлікпен жүргеніне қарамастан, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтап, жолын кесу", - дейді Атырау облысының полиция департаменті.