Прямая трансляция

Астана

Астана

10°C

ІІМ Өскемендегі жарылыс турасында: күдіктілер әлі анықталмады

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Өскемендегі «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылысқа қатысты басталған тергеу амалдарына түсінік берді.

ІІМ Өскемендегі жарылыс турасында: күдіктілер әлі анықталмады
Фото: ТЖМ

- Қазір «Қазцинкке» қатысты тергеу жүріп жатыр. Жедел-тергеу тобы құрылды. Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігі бойынша тергеп жатырмыз. Бұл бапта жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жедел-тергеу тобы тәжірибелі қызметкерлермен толықтырылды. Бүгінде 10-нан астам сот-медициналық сараптаманы белгіледік. Олардың ең маңыздысы - жарылыс себебін анықтау, - деді С. Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып. 

Бұл ретте екі негізгі нұсқа тексеріледі: техногендік процестің бұзылуы себебі мен адами фактор және еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы.

 - Қазір бұл мәселемен уәкілетті мемлекеттік органдардың, Өнеркәсіп министрлігі мен облыс әкімдігінің мамандары айналысып жатыр. Комиссияның шешімі мен кешенді сот-медициналық сараптама кінәлілерді қылмыстық жауапқа тарту мақсатында тергеуге бағыт-бағдар береді, - деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, зардап шеккен екі адам ауруханада жатыр, оның бірінің жағдайы ауыр.

- Әлі де нақты күдіктілер анықталмады. Тергеу енді ғана басталып жатыр. Сот сараптамасының қорытындысын күтейік, - деді Санжар Әділов. Еске салсақ, 5 мамырда таңертең Өскемендегі кәсіпорында жарылыс болды.