Алтын ұрлығына және заңсыз кен өндіруге қатысы бар 1400-ден астам адам жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Өткен жылдан бері республиканың бірқатар өңірінде алтын ұрлығына және заңсыз кен өндіруге қатысы бар 1400-ден астам адам жауапкершілікке тартылды, сонымен қатар заңсыз айналымнан 12 тоннадан астам алтын құрамды материал тәркіленді.
Мысалы, биыл полиция Жамбыл облысындағы "Ақбақай" тау-кен байыту комбинаты аумағынан алтын құрамды кенді заңсыз өндіру, өңдеу және ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Келіп түскен ақпаратты мониторингтеу барысында аталған кәсіпорын аумағына заңсыз кіру дерегі жедел түрде тоқтатылды.
"Жедел әрекет нәтижесінде Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарының тұрғындарынан құралған, алтын құрамды материалды ұрлау арнасын ұйымдастыруға әрекеттенген топ ұсталды. Қару-жарақ, ірі көлемдегі қаражат, байланыс құралдары және автокөліктер тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу жүргізіліп, келтірілген залал анықталып жатыр. Кәсіпорынның күзет және қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.