Былтыр құтырудан Қазақстанда үш адам қайтыс болған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасап, сақтық шараларын еске салды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ведомтсвоның Telegram-дағы арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, құтыру ауруының халық арасында таралуы бүкіл әлемде өзекті мәселе болып қалып отыр, себебі бұл дерт орталық нерв жүйесін ауыр зақымдап, өлімге әкеледі.
Құтыру 150-ден астам елде кездеседі, жыл сайын әлемде 55 мыңнан астам адам осы аурудан көз жұмады. 2025 жылы республика бойынша құтырудан үш адам қайтыс болған. Жануарлардың тістеуі, тырнауы және сілекейі салдарынан медициналық көмекке 60 153 адам, осы жылдың І тоқсанында 14 134 адам жүгінген. Барлығына көмек көрсетілген.
"Құтырумен күрестің негізгі шарасы – дереу құтыруға қарсы вакцинациялау курсынан өту және тістелген, тырналған немесе сілекей тиген жерді 20 пайыз сабынды ерітіндімен молынан жуу", - делінген хабарламада.
ДСМ құтырудың алдын алу үшін мынадай қауіпсіздік шараларын ұсынады: жабайы жануарлармен байланысқа түспеу, өйткені сау жабайы жануарлар әдетте адамнан қашқақтайды; үй жануарларына құтыруға қарсы профилактикалық екпелерді міндетті түрде жасау;
үй жануарының мінезі өзгерсе, басқа жануардан жарақат алса немесе себепсіз өлсе, міндетті түрде ветеринар маманға жүгініп, бақылау орнату немесе өлім себебін анықтау; егер жануармен (сырттай сау көрінсе де) байланыс болған жағдайда, тұрғылықты жердегі травматологиялық пунктке дереу жүгініп, жараны өңдету және вакцинациялау курсынан өту қажет. Вакцинациялау тегін жүргізіледі.
Жараны шаруашылық сабынды молынан қолдана отырып өңдеу;
тағайындалған емнен еш жағдайда бас тартпау және өз бетінше тоқтатпау қажет, себебі бұл қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.
"Құтыруды емдейтін дәрі жоқ. Ауру жануар тістеген адам үшін құтыруға қарсы вакцина – өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Сондықтан вакцинациялауды дереу жүргізу қажет.