«Хабар» телеарнасы мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының медиажобасы мемлекеттік деңгейде үлкен қолдауға ие болды, деп хабарлайды Paryz.kz.
23 сәуірде атап өтілетін Ұлттық кітап күні қарсаңында басталған жоба кітап оқу мәдениетін жаңғыртуға және заманауи әдебиетті дәріптеуге бағытталған. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
17 сәуірден бастап Хабар телеарнасы эфиріндегі Оян! бағдарламасы аясында арнайы тақырыптық шығарылымдар сериясы басталды. Бағдарлама барысында әдеби викториналар өткізіліп, бестселлер кітаптарға шолу жасалады, сондай-ақ жазушылар, сарапшылар және қоғам қайраткерлерімен сұхбаттар ұйымдастырылады. Жобаның мақсаты — кітап оқуды көпшілік үшін қызықты әрі қолжетімді ету.
Тележоба әр аптаның жұма күні сағат 07:00-09:00 аралығында тікелей эфирде көрсетіледі. Жүргізушісі — журналист-блогер Санат Ілияс.
Мегажоба аясында Абай облысының әкімі Берік Уәли көпшілікті кітап оқуға жұмылдыруды көздейтін республикалық кітап эстафетасын ресми түрде бастады. Ол көрермендерге Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын оқуды ұсынды. Келесі аптаға кітап таңдау эстафетасы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жолданды.
Кітап эстафетасы қазақ және әлем әдебиетінің үздік туындыларына назар аудартуды көздейді. Ұйымдастырушылар бұл бастаманы барлық өңір әкімдері жалғастырады деп күтуде. Бастаманың басты мақсаты — өңір басшыларының жеке үлгісі арқылы азаматтарды кітап оқуға шабыттандыру.
Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы Қарағанды облысы, Қостанай облысы және Шымкент қаласында жүзеге асырылып, 189 мыңнан астам адамды қамтып отыр. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер және отбасылар бар.
Жоба Кітап оқитын ұлт – Читающая нация қоғамдық қорының бастамасымен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп және Amanat партиясының қолдауымен жүзеге асырылуда.