Алматыда қоғамдық орындарда әдепсіз мінез-құлық көрсетіп, тұрғындардың мазасын алған шетелдік азаматтар Қазақстан аумағынан шығарылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
"Соттың қаулысымен оларға ел аумағына қайта кіруге тыйым салына отырып, мәжбүрлі түрде шығару туралы шешім қабылданды", — деп хабарлады Алматы полициясындағылар.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде бірнеше қыздың өтіп бара жатқан тұрғындарды тоқтатып, ақша сұрағаны түсірілген видео тараған еді. Олар ақша беруден бас тартқандарға тас лақтырып, қоғамдық орында жанжал шығарған.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында кәмелетке толмағандарды анықтады. Бұл жасөспірімдер жедел түрде анықталып, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Жасөспірімдер Тәжікстан азаматтары болып шықты. Олардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.