Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова президентке 2025 жылдың қорытындысы мен биылға арналған міндеттер таныстырылды, деп хабарлады Ақорда.
Жұлдыз Сүлейменова жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
"Таза Қазақстан" бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленді. Сондай-ақ мектептерде "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде", - деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова сондай-ақ бастауыш білім берудің мазмұнына жүйелі талдау жасалғанын баяндады. Мектеп бағдарламалары оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық бере отырып, қайта қаралуда. Оның айтуынша "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 білім ошағының құрылысы аяқталған. Саланы цифрландыру бойынша кешенді шаралар қолға алынған. Бүгінде мектептердің 99 пайызы интернетке қосылды.
"Әлеуметтік әмиян" жобасы 6760 мектепке енгізілді. Дипломдар, аттестаттар мен анықтамалар цифрлық форматқа көшірілді.
"Ұстаз" платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін толығымен автоматтандыруға жол ашады. 240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өтті, тағы 200 мың педагог ChatGPT Edu жобасына сай ЖИ-ассистентті пайдалану машығын меңгеруде", - деп толықтырды министр.