Прямая трансляция

Астана

Астана

7°C

Ресейдегі жаппай төбелес: Қазақстандықтар қамауға алынды

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысында қазақстандықтардың қатысуымен болған жаппай төбелеске қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. СІМ мәліметінше, бірнеше адам 10 тәулікке қамалып, үшеуі тергеуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz.

Ресейдегі жаппай төбелес: Қазақстандықтар қамауға алынды
Фото: видиодан скриншот

Ведомствоның хабарлауынша, 28 наурыз күні Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығының қызметкерлері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарымен, соның ішінде тұрмыстық жанжал салдарынан ұсталғандармен кездескен.

Еске сала кетейік, бастапқыда тәртіпсіздікке бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін бірден әртүрлі елдердің 30-дан астам азаматы ұсталды.

Алғашқы тергеу әрекеттерінен кейін олардың басым бөлігі босатылған. Әкімшілік құқықбұзушылық бойынша кейбір тұлғаларға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке қамау туралы сот шешімі шығарылды. Тағы үш Қазақстан азаматы тергеу аясында қалып отыр. Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккен немесе медициналық көмекке мұқтаж адамдар жоқ. Барлық азаматтарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде, – деп хабарлады СІМ. 

Сондай-ақ вахталық кенттің өзінде жұмысшылар мен учаске прорабтары, Ресейдің құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания және күзет агенттігінің өкілдері қатысқан кездесу өткен.

Онда болған жағдай конструктивті түрде талқыланып, мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін қабылданатын шаралар қарастырылған. Қазіргі уақытта вахталық кенттегі жағдай тұрақты. Оқиғаға қатысқан екі тарапқа қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша барлық қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі, – деп толықтырды ведомство.