Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалатынын хабарлады.
"2026 жылдың 19-29 наурыз аралығында қазақстандық оқушылар 11 күн бойы көктемгі демалыста болады", - деп жазылған хабарлдамада.
Осы кезеңдегі бос уақытты мазмұнды өткізу мақсатында "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде жеке тұлғаны жан-жақты дамытуға бағытталған арнайы іс-шаралар кешені жүзеге асырылады.
"Демалыстың әр күні "Наурызнама" онкүндігімен үйлесім тауып, отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге арналады. Оқушылар "Таза Қазақстан" , "Еңбек адамы" және "Заң мен тәртіп" бағыттарындағы танымдық жобаларға қатысады, сондай-ақ дәстүрлі "Жер сағаты" акциясына атсалысып, азаматтық ұстанымдарын бекемдейді", - дейді министрлікте.
Ведомство хабарлауынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да бірқатар іс- шаралар жоспарланып отыр. Ата-аналармен бірлесе отырып жол қозғалысы, өрт қауіпсіздігі және киберкеңістіктегі сақтық шаралары бойынша кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.