Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында Жаңа Ата заңға енгізілген өзгерістер туралы айтты.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы биліктің бастауы және егемендіктің иесі саналады. Осы ереже Конституция жобасында жаңа норма ретінде нақты бекітілген.
"Бұл – жаңа Ата заң мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түседі деген сөз. Мұның, әсіресе, геосаяси ахуал құбылып, тұрақсыздық орнап, ұлттық қауіпсіздікке сын-қатерлер төнуі мүмкін кезеңде маңызы зор. Ата заңның мәтіні ғана емес, мәні мен мағынасы өзгерді. Онда сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз, мақсат-мұраттарымыз бен мызғымас құндылықтарымыз нақты көрсетілді", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға өзі тікелей атсалысқанын айтты. Айтуынша, ол оның әр тарауына, әр бабына баса мән берген. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіліп, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым, - деді Тоқаев.
"Мысалы, қазіргі Ата заңымызда "Қазақстан аумағының тұтастығы" деген ұғым бар. Негізі, бұл "жердің тұтастығы" болуы керек еді. Себебі, жер – қазақ үшін ең қастерлі ұғымның бірі. Ата-бабаларымыз бір қарыс жер үшін жанын құрбан еткен. Оның табиғатын аялау, тұтастығын сақтау, шекарасын қас қақпай күзету – қасиетті борышымыз. Алайда, халықаралық деңгейде орныққан термин болғандықтан, комиссияның басым көпшілігі "аумақтық тұтастық" ұғымын өзгеріссіз қалдырды", - деді президент.
Президенттің айтуынша, жаңа конституцияға қатысты азаматтардан да мыңдаған ұсыныс түскен. Ақылға қонымды ұсыныстың барлығы ескерілді, деді ол.
"Бізге арқаны кеңге салып, жайбарақат жүруге болмайды. "Бір жөні болар, жолымыз болар" деп отыра алмаймыз. Оған құқымыз да жоқ. Біз эволюциялық даму жолына, яғни жан-жақты, жедел және батыл жаңғыру жолына түстік. Ұсынылған Конституция жобасы қабылданса, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болады, сондай-ақ еліміздің бүкіл заң жүйесі жаңарады", - деді Тоқаев.
Айтуынша, қазіргі Конституция бойынша парламент Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады және мұндай жағдай осыған дейін бірнеше рет болған. Ал, енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар бойынша шешім тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады. Бұл қадам келешекте жекелеген саяси топтардың мүддесіне бола негізсіз конституциялық түзетулер жасауға тосқауыл қояды, деді президент.
Тоқаев 15 наурызда әр азамат Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алатынын айтып өтті. "Түптеп келгенде, мұның бәрі елдің ертеңі үшін жасалып жатыр. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бізге кең-байтақ жерді аманат етті. Біз де келер ұрпақтың әділетті әрі өркендеген Қазақстанда өмір сүргенін қалаймыз. Сол үшін бәрін жасаймыз", - деді ол