Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

«1,5 жастағы баласы бар аналарға төлем беріледі»: Еңбекмині мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде "бала 1,5 жасқа толғаннан кейін әйелдер жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем рәсімдей алады" деген фейк таралып жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz.

«1,5 жастағы баласы бар аналарға төлем беріледі»: Еңбекмині мәлімдеме жасады
Фото: istockphoto

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараттың жалған екенін ресми мәлімдеді. Таратылып жатқан хабарламаларда азаматтарға мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелу арқылы алты ай бойы әлеуметтік төлем алуға болатыны айтылған.

Алайда министрлік бұл «схеманың» заңды негізі жоқ екенін және азаматтарды жаңылыстыратынын мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады. 

«Сондықтан ол жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды. Жұмыссыз мәртебесі тек нақты жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдарға ғана беріледі», - деп жауап берді ведомство. 

Сондай-ақ жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға тағайындалады.

Ол үшін азаматтар жұмыссыз ретінде тіркеліп, белгіленген талаптарды орындауы тиіс. Егер төлем алушы жұмысқа орналасса, бұл туралы мансап орталығын уақытылы хабардар етуі қажет. Министрлік жалған мәлімет ұсынған жағдайда төленген қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекетке қайтарылатынын ескертті.

Бұдан бөлек, әлеуметтік төлем алу үшін әдейі жалған ақпарат беру алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін. Ведомство мәліметінше, 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде осындай алаяқтық фактілері бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған.

Бес өңірде жеті сот үкімі шығарылған. Тергеу барысында азаматтардың әлеуметтік желілердегі, соның ішінде Instagram желісіндегі жарнамалық жарияланымдарға сеніп, заңсыз төлем алу схемаларына тартылғаны анықталған.

Осыған байланысты министрлік азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі бейтаныс адамдардың кеңесіне сенбеуге, жеке деректерін бөгде тұлғаларға бермеуге және ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.

Әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық ақпаратты министрліктің ресми сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшаларынан, сондай-ақ 1414 байланыс орталығы арқылы алуға болады.