Қазақстан оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде 7 жастағы Қазақстан азаматы - қыз бала елге қайтарылды, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.
Баланы елге қайтару шаралары алты ай бойы жүргізілген. Осы кезеңде тиісті мемлекеттік органдар арасында келіссөз өтіп, грузин тарапының құзырлы мекемелерімен байланыс орнатылған. Қажетті құжаттар рәсімделген.
"Қазіргі уақытта қыз бала қауіпсіз жағдайда, оған психологиялық қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ, бүгінде баланың мүддесі ескеріліп, заңнама талаптарына сәйкес оны отбасына орналастыру мәселесі қарастырылуда", - дейді министрлік.
Баланың құқықтарын, қауіпсіздігін және жеке өмірінің құпиялығын қорғау мақсатында оның дербес деректері мен оқиғаға қатысты өзге де мәліметтер жария етілмейді, дейді сыртқы істер министрлігі.