Ақтау қаласында отбасылық жанжал кезінде жұбайына күш қолданған ер адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Сот оған 25 тәулікке қамаққа алу жазасын тағайындады, деп хабарлайды paryz.kz.
Ақтау қалалық сотының 2026 жылғы 13 шілдедегі үкімімен азамат «У» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
Сот анықтағандай, сотталған азамат алкогольдік масаң күйде отбасылық жанжал кезінде жұбайының басынан соғып, оған физикалық күш қолданған. Сот отырысында азамат кінәсін мойындаған. Алайда кінәні мойындауы оны қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіз болмаған.
Сот үкімімен оған 25 тәулікке қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды. Маңғыстау облысының прокуратурасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке немесе отбасылық мәселе ретінде қарастырылмайтынын еске салды.
Мұндай әрекеттер үшін заңнамада қылмыстық жауаптылық көзделген. Прокуратура азаматтарды жанжал туындаған жағдайда күш қолданбай, мәселелерді заң шеңберінде шешуге шақырды.