Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдап, оған бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Ақорда.
️Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі отын-энергетика кешенінің жағдайы, негізгі жобаларды жүзеге асыру барысы және секторды одан әрі дамыту жоспары жөнінде есеп берілді. Ерлан Ақкенженов: мұнай саласында орнықты динамика сақталып тұрғанын айтты. мұнай өңдеуді ұлғайту жоспарын баяндады.
Ақкенженовтің айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауыты жылына – 6-дан 12 миллион тоннаға, Атырау мұнай өңдеу зауыты – 5,5-тен 6,7 миллион тоннаға және Павлодар мұнай-химия зауыты 5,5-тен 9 миллион тоннаға дейін өндірістік қуатын арттырады. Министр сондай-ақ 2029 жылға дейін салынатын жаңа энергетикалық нысандар жайында мәлімет берді.
Ақ️кенженовтің сөзіне сенсек, биыл Алматы қаласында екінші жылу электр орталығының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар Қызылорда мен Түркістан облыстарында бу-газ қондырғылары базасында электр станциясы бой көтереді. Ол сонымен қатар "Көмір өндіруді дамыту" ұлттық жобасының әзірлену барысы туралы ақпарат ұсынды.
Президент министрге отын-энергетика секторын одан әрі дамыту, соның ішінде мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергиясы салаларында жоспарланған жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.