Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өлімі: Бас прокуратура күдікті күйеуі мен енесіне қатысты тың мәлімет жариялады

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Германияда асқан жауыздықпен өлтірілген Айгүл Сайлыбаеваның ісі бойынша БАҚ өкілдеріне пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өлімі: Бас прокуратура күдікті күйеуі мен енесіне қатысты тың мәлімет жариялады
Фото: T.me/«Криминальный Казахстан»

Бас прокурордың орынбасары Айгүл Сайлыбаеваның өліміне басты күдікті марқұмның күйеуі Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцоваға халықаралық іздеу жарияланғанын айрықша атап өтті.

«Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі тарапынан азаптау фактісі бойынша қылмыстық із қозғалды. Ресей Федерациясына екі адамның да азаматтығын анықтау үшін халықаралық тергеу комиссиясын жібердік. Өздеріңіз білетіндей, Ресей Федерациясы да дәл біз сияқты өз азаматтарын бермейді. Біз олардың азаматтығын анықтағаннан кейін әрі өздерінің лайықты жазасын алуы үшін қылмыстық істі Ресей Федерациясы тарапына береміз. Сол сияқты бұл істі Ресей тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин өз назарына алғаны туралы оқыдым», – дейді ол.

БАҚ өкілдері тарапынан марқұмның туыстары істің ұзаққа созылғанын айтып шағымданғанын әрі жергілікті тілшілердің Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцованың мекенжайын анықтағаны туралы сауал қойды.

«Біз тек ресми мәліметтер бойынша ғана жұмыс істейміз. Тергеу ісі ресми ақпараттарға ғана негізделген. Біз ресми құжаттарды алған бойда уақыт жоғалтпастан бірден шара қабылдаймыз. Оның нақты қанша уақытқа созылатыны туралы әзірге ешнәрсе айта алмаймын. Жақын уақытта бәрі анықталады деп үміттенемін. Олар халықаралық іздеуге берілген. Қай елге барса да назарда болады», – дейді Ғалымжан Қойгелдиев.

Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева өмірінің соңғы бес жылында күйеуімен және баласымен бірге Германияда өмір сүрген. Ол 2024 жылдың 3 маусымынан бастап байланысқа шықпай қалған.

Оның із-түзсіз кеткеніне алаңдаған туыстары Айгүлдің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін екенін айтып, Франкфурт-на-Майндегі Қазақстанның Бас консулдығына жүгінген. Арада көп ұзамай, жергелікті БАҚ бұрынғы судьяның мәйіті табылғанын хабарлады.

Оның денесі Бенсхайм қаласының шетінде орналасқан карьерден қаптың ішінен табылған. Марқұмның қолында, мойнында және бетінде пышақ жарақаттары болған. Осыдан кейін Сайлыбаеваның 49 жастағы енесі Наталья Донцова да хабар-ошарсыз кеткен.