Атырау облысындағы Жангелдин ауылының тұрғындарын өлтірді деген күдіктінің кәмелетке толмаған балалары мемлекет қарауына берілді, деп хабарлайды paryz.kz.
Басылымның Атырау облыстық білім басқармасына сілтеме жасап хабарлауынша, 2 ақпанда полиция департаментінен балаларға қатысты жедел шара қабылдап, оларды қауіпсіз жерге орналастыру жөнінде ресми хат түскен.
Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия шешімімен үш бала уақытша Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Ал үш және бір жастағы кіші екі бала мамандандырылған Сәбилер үйіне жіберілді. Басқарма балалардың жағдайы бақылауда екенін, уәкілетті органдар олардың қауіпсіздігін және құқықтарының сақталуын қамтамасыз етіп отырғанын нақтылады.
Басылым мәліметінше, қамқорлыққа алу туралы шешім қабылданғанға дейін балалар әжесінің қарауында болған. Бұған дейін полиция 29 жастағы күдіктіге ресми түрде іздеу жариялаған. Бұған дейін әкімдіктің хабарлауынша, отбасы қарапайым өмір сүрген, негізгі табыс көзі қарт туыстарының зейнетақысы болған. Көршілерден ешқандай шағым түспеген, отбасы тыныш, ешкіммен жанжалдасып көрмеген отбасы деп сипатталған.
Қазіргі уақытта күдікті әлі іздеуде. Тергеу шаралары жалғасуда. Полиция азаматтарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге және тексерілмеген деректерді таратпауға шақырады.