Қазақстанда АҚШ және Украина азаматтарына іздеу жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі 1970 жылғы 27 маусымда туған АҚШ азаматы Дмитры Дружинскы мен 1985 жылғы 8 қарашада туған Украина азаматы Марина Левковичке (Гинзбург) іздеу жариялады.
Соттың санкциясымен аталған тұлғаларға қатысты сырттай "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ведомствоның хабарлауынша, олар Қазақстан аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінді.
Тергеу мәліметінше, PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казиноның қызметін шетелден әрекет еткен еншілес компаниялар желісі арқылы ұйымдастырған адамдар тобы басқарған.
"Д.Дружинскы мен М.Левкович координатор функцияларын атқарып, сыбайластарды іріктеумен, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен жұмысты ұйымдастыруға, сондай-ақ ақша қабылдау мен шығару процесін қамтамасыз еткен төлем инфрақұрылымын құруға және оның жұмыс істеуіне қатысқан.
Заңсыз қызметті бүркемелеу мақсатында PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алған "Бонами" ЖШС құрылған.
Қаржылық сүйемелдеу үшін онлайн-казиноның төлем агрегаторлары функцияларын атқарған "Gold Pay" ЖШС және "Cyber Pay" ЖШС қоса алғанда, төлем ұйымдарының желісі тіркелді. Онлайн-казино клиенттерінен түскен қаражат транзиттік шоттарда жинақталып, кейін электрондық ақша операцияларына лицензиясы бар еншілес компаниялар арқылы криптовалютаға айырбасталған", - дейді ҚМА өкілі.
Агенттік іздеуде жүрген тұлғалардың жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан Қаржылық мониторинг агенттігіне төмендегі телефондар арқылы хабарласуды сұрайды: +7 7172 70 84 78 – кезекші бөлім.