«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қазақстандық балаларға арналған биылғы төлем қаңтардың соңында аударылады, деп хабарлайды paryz.kz.
Ұлттық банк мәліметінше, 1 ақпан демалыс күніне сәйкес келгендіктен, қаражатты аудару 30 қаңтарға жоспарланған. Дегенмен, ата-аналар мен заңды өкілдер ақшаны шоттарынан 31 қаңтар күні түстен кейін немесе 1 ақпан таңертең көре алады.
Биылғы төлем мөлшері алдын ала бекітілген. Әр баланың шотына шамамен 130 АҚШ доллары түседі. Қазіргі бағаммен есептегенде бұл 65 мың теңгеден асады.
Айта кетейік, бұл бағдарламаның үшінші жылы. Алғашқы жылы балаларға шамамен 100 доллар, екінші жылы 130 долларға жуық қаражат аударылған. Алдағы төлемді қоса есептегенде, үш жылда бір баланың шотында жиналатын қаражат көлемі 360 доллардан асады.
Инвестициялық табысты ескергенде, бұл сома шамамен 370 долларға дейін жетеді. Бағдарлама шарттарына сәйкес, балалар кәмелетке толғанға дейін бұл қаражат бос жатпай, инвестицияланады.
Соның нәтижесінде жинақ көлемі жыл сайын артып отырады.